НАРЫҚТЫ ҚЫСҚА ШОЛУ

Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алу үшін пайдалану бағдарламасын енгізу халық арасында тұрғын үйге дүрлікпе сұраныстың өсуіне ықпал етті, бұл өз кезегінде тұрғын үй құрылысының көлемдерінің өсуіне ынталандыру болды.

2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 11,4 %-ға өсіп, 17 076 мың ш.м. құрады.

Тұрғын үй ғимараттарының жалпы көлемін пайдалануға беру

Тұрғын үй құрылысына инвестициялар көлемі өсті: 2020 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 2021 жылы көрсеткіш 23,8 %-ға өсіп, 2 436,1 млрд теңгені құрады.

Тұрғын үй құрылысына инвестициялар

Қазақстанда соңғы 10 жылдағы баға динамикасы орта есеппен жаңа тұрғын үйлердің бір шаршы метр үшін 154-тен 361 мың теңгеге дейін, яғни 2,2 еседен астам қымбаттағанын көрсетеді.

2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда жаңа тұрғын үйлердің орташа бағасының өсуі Петропавл (84,6 %), Өскемен (34,3 %), Талдықорған (27,9 %), Қостанай (23,8 %), Нұр-Сұлтан (22 %) қалаларында байқалады. Жаңа тұрғын үйдің 1 ш.м. үшін баға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында орташа республикалық деңгейден жоғары қалыптасып, тиісінше 479,2 мың теңге, 415,1 мың теңге және 379,8 мың теңгені құрады.

Айта кету керек, валюта нарықтарындағы бағалардың ауытқуына байланысты 2022 жылы инфляциялық күтулер және соның салдарынан бастапқы және қайталама тұрғын үй бағасының өсуі байқалады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің деректері бо­йынша, соңғы 10 жылда ипотекалық кредиттеу көлемі 3,7 есеге өсті. Ипотекалық кредиттеу саласындағы белсенділік көп жағдайда тұрғын үй және құрылыс саласын мемлекеттік қолдауға байланысты.

2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда жеке тұлғаларға тұрғын үй сатып алуға және салуға берілген қарыздар 1 746,3 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінің деңгейінен шамамен 2 есеге жоғары.

Есепті кезеңде тұрғын үйді сатып алу-сату нарығында айтарлықтай өсім байқалады. 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 96,8 %-ға өсіп, 606 056 мәмілені құрады.